Қызылорда қаласына іргелес орналасқан Ақсуат ауылдық округі соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің біріне айналды. Ауылдық округте жүзеге асып жатқан жұмыстар, алдағы жоспар мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалар туралы Salemnews редакциясына Ақсуат ауылдық округінің әкімі Нұрболат Бақытов айтып берді.
– Биыл ауылдық округте жүзеге асып жатқан ең маңызды жобалар қайсы? Олардың тұрғындарға берер пайдасы қандай болады?
– Соңғы жылдары ауылымызда ең өзекті мәселелердің бірі – жаңадан қоныстанған тұрғындарды сапалы электр желісімен қамтамасыз ету болатын. Осы мәселені шешу үшін 2024–2026 жылдарға қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ұзындығы 22,5 шақырымды құрайтын 32 көшеге жаңа электр желілері тартылып, биыл толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар аталған көшелердің барлығы түнгі жарықпен қамтылып жатыр.
Бұған дейін жаңа қоныстанушылар электр бағаналарын өз қаражатымен орнатып, жарықты пайдаланғанымен, кернеудің төмен болуы тұрғындарға көптеген қолайсыздық туғызды. Қазіргі таңда бұл мәселе толық шешімін тауып, халық тұрақты әрі сапалы электр қуатын пайдаланып отыр.
– Ақсуатта халық саны жыл сайын артып келеді. Бұл ауылдың дамуына қалай әсер етіп отыр?
– Иә, соңғы жылдары халық саны тұрақты өсіп келеді. Егер 2023 жылдың 1 қаңтарында ауылдық округте 10 030 адам тіркелсе, бүгінде тұрғындар саны 12 196 адамға жетті. Бұл – ауылдың тартымдылығының артқанын көрсетеді.
Әрине, халық саны көбейген сайын инфрақұрылымға түсетін жүктеме де артады. Сондықтан біз жыл сайын жаңа көшелерге жол салу, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп келеміз.
Өткен жылы жол жөндеу жұмыстары қажет болған И.Дауылбаев, М.Бажиев, №3В, №7В, №8, №9В, №15, Ж.Аубакиров, К.Иманбердиева, А.Смайлов, Е.Боранқұлов және Ш.Атеев көшелерінде құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар қоғамдық көлік қатынайтын негізгі көшелер – П.Тлепбаев, А.Найзағараев, Б.Жүсіпбеков және Канал-2 көшелерінің жолдары толық жөнделіп, пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, қалалық бюджет есебінен А.Арысбаев, Орманбаевтар және О.Жәкенов көшелеріне түнгі жарық орнатылса, биыл Б.Бекбаев көшесі де жарықтандырылды.
Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен А.Әбиев, Жаңа тұрмыс, Қырық байтақ, №10В, Б.Алимов, Т.Қаратаев, Қ.Үсенбаев, Б.Жонбаев, Байтен және Сарыкөл көшелерінде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал жол жөндеуді қажет ететін тағы бірнеше көшенің жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы бөлу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданды.
– Ауылдағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Инженерлік инфрақұрылым бойынша негізгі жұмыстар жоғарыда айтылды.
Ал әлеуметтік инфрақұрылымға келсек, бүгінде ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін нысандардың саны жылдан-жылға артып келеді. Қазір ауылдық округте екі мемлекеттік мектеп, бір жеке мектеп, екі мемлекеттік және алты жеке балабақша, спорт кешені, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория және мешіт жұмыс істейді.
Сонымен бірге ауылда отыздан астам азық-түлік, құрылыс және тұрмыстық тауарлар дүкендері, шаштараздар, моншалар, мейрамхана, көлік жөндеу орталықтары, техникалық қызмет көрсету және басқа да кәсіпкерлік нысандар халыққа қызмет көрсетуде.

– Кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында ауылда кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді.
Бүгінде ауылдық округте 602 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және агроөнеркәсіп кешені субъектілері бар.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында бес жоба қолдау тапты. Оның ішінде асыл тұқымды ірі қара малын өсіру, асыл тұқымды жылқы шаруашылығы, өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік және кілем жуу орталықтары бар.
Ал 2023 жылдан бері аталған бағдарлама арқылы 22 кәсіпкерлік жоба жүзеге асырылды. Олар мал шаруашылығы, жылыжай, наубайхана, көпшілік монша, массаж орталығы, металл өнімдерін шығару, тігін өндірісі, брусчатка мен бордюр өндіру, автокөлік жөндеу, кондитерлік өнімдер, құс шаруашылығы, мобильді құрылғыларды жөндеу, кір сабын және шұлық өндірісі сияқты түрлі бағыттарды қамтиды.
Сонымен қатар Аграрлық несие корпорациясы арқылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жобасы қолдау тауып, қазіргі таңда кәсіпкер қызанақ пен қияр өсіріп, өнімдерін қала және ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынып отыр.
– Қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Ауылдың көркін жақсарту – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылдың орталық алаңы мен Тағзым алаңының кіреберістеріне сәнді аркалар салынды. Сонымен бірге орталық алаңда жаңа сахна бой көтерді.
Қазір ауылдағы барлық мәдени-көпшілік шаралар осы алаңда өткізіледі. Сондай-ақ дәстүрге айналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де осында ұйымдастырылады.
– Тұрғындардың ұсыныстары әкімдік жұмысында қаншалықты ескеріледі?
– Біз үшін халықтың пікірі әрдайым маңызды. Ауылдың белсенді тұрғындары, Қоғамдастық кеңесі мен Ардагерлер кеңесінің ұсыныстары тұрақты түрде қаралып, мүмкіндігінше жүзеге асырылады.
Соңғы жылдары тұрғындардың ұсынысымен санитариялық тазалықты күшейту, ауылды абаттандыру және көшелерді кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары қолға алынды.
– Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Экологиялық мәдениет қалыптастыру – ұзақ мерзімді жұмыс. Қазіргі таңда қоғамдық жұмысқа тартылған жұмысшылар күн сайын ауылдың санитариялық тазалығын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Тұрғындардың басым бөлігі «Қызылорда тазалығы» мекемесімен келісімшарт жасасып, тұрмыстық қалдықтарын белгіленген кесте бойынша шығарып келеді.
Соңғы екі жылда ауылдың батыс және шығыс кіреберістеріне жалпы 800 ағаш көшеті отырғызылып, қоршаулар орнатылды. Бұдан бөлек, «Бақыт кілті» қоғамдық қорының қолдауымен егілген ағаштардың бір бөлігі арнайы қоршаулармен қорғалды.
– Төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында қандай дайындық жұмыстары жүргізілуде?
– Ауылда төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша арнайы ерікті жұмысшы топ құрылған. Көктем және күз мезгілдерінде төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, ақпараттық жадынамалар таратылады.
Аз қамтылған отбасыларға улы газдан қорғайтын арнайы датчиктер орнатылды. Көктемгі су тасқынына дайындық аясында құм толтырылған қаптар әзірленіп, ерікті топ мүшелері өрт-тактикалық оқу-жаттығуларынан өтеді.
Биыл өрттен зардап шеккен тұрғынның өтініші бойынша ауыл әкімдігі мен еріктілер бірлесіп өртенген үйдің қалдықтарын бұзып, жер учаскесін толық тазалап берді.

– Цифрлық технологияларды енгізу бағытында қандай жұмыстар бар?
– Ветеринария саласында цифрландыру қарқынды енгізілуде. Қазір ауыл шаруашылығы жануарларының иелері Tort Tulik мобильді қосымшасы арқылы малдарының қозғалысын бақылай алады.
Сонымен бірге ауыл әкімдігінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Осы арқылы тұрғындар мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін ауылдан шықпай-ақ ала алады.
– Жастарды ауылды дамыту жұмыстарына тарту бағытында қандай бастамалар жүзеге асырылуда?
– Біз жастардың бастамаларын әрдайым қолдаймыз. Жастардың ұсынысымен ұлттық спортты дамытуға арналған арнайы жер телімі бөлініп, қажетті құжаттар рәсімделді.
Сонымен қатар «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры салған 720 шаршы метрлік спорт кешені және демеушілердің қолдауымен салынған шағын футбол алаңдары жастардың игілігіне қызмет етіп келеді.
Бұл нысандарда футбол турнирлері, волейбол жарыстары және ауылдық округтер арасындағы түрлі спорттық сайыстар тұрақты ұйымдастырылады.
Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауыл жастары массаж орталығы, кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикат өндірісі, мал шаруашылығы және басқа да кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асырып, өз кәсібін дамытып келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
