Блог
    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Қызылорда: Ұлттық урбан форумында не айтылды
    Жаңалықтар

    Қызылорда: Ұлттық урбан форумында не айтылды

    SalemnewsSalemnews10.07.2025610 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Қызылорда қаласының урбанизация үрдісі көңіл қуантады. Енді бұл бағытта жүйелі қадам, кәсіби ізденіс, жаңа жобалар қажет. Бастысы, сапалы жобалау кезек күттірмейтіні анық. Оның ішінде қала кейіпін келтірудің кейінгі әдістерін саралау тек Қызылордаға ғана емес, жалпы Қазақстанға ортақ міндетке айналуда.

    Осы орайда қала болашағын жобалайтын маңызды іс-шараның бірі облыс орталығында орын алды. Ол – «Қазақстан ұлттық урбан форумы — 2025» жиыны. Мұндай ауқымды басқосу қандай өзгеріске жетелейді? Болашақ даму бағытын қай бағыттан көруіміз ықтимал? Salemnews ақпарат агенттігінің тілшісі аталған сауалдарға жауап іздеп көрді.

    Қызылорда облысының әкімдігі, UN-Habitat және басқа да бірқатар серіктестің қолдауымен ұйымдастырылған шарада қала қалыптастырудың әдіс-тәсілдері, тың өзгерістер сарапқа салынғанын байқадық. Урбанистикалық форум «Қала болашағы өңірлерден басталады» ұранымен өтті. Маңызы зор шара жетекші сарапшылар мен сәулетшілерді, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін біріктірді.

    Форумда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бауыржан Жүнісбеков, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, UN-Habitat ұйымы атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжимитов сөз сөйледі. Сонымен қатар, UN-Habitat атқарушы директоры Анаклаудия Россбахтың бейнехабарламасы көрсетілді.

    Урбанизация игілігі немесе шаһар шырайы жоспарға тәуелді

    Бұған дейін мемлекеттік деңгейде қалалардың дамуын жоспарлау тақырыбы сан мәрте көтерілді. ендігі межеде мәселелерді бірлесе шешу қадамы болғаны анық. Осы мақсатта «Қазақстан ұлттық урбан форумы — 2025» жиыны бірнеше тақырыпта талқы алаңын ұйымдастырып отыр.  Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйытқысымен өткен «URBAN-2025» халықаралық форумының Сыр өңірінде өтуі де қалаға деген сенім мен өркендеу жолына жасалған бетбұрыс екені түсінікті. Қалада тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту, өңірде экологиялық тепе-теңдікті сақтау бағытында біршама ауқымды жобалар қолға алынған. Мәселен, шаһарда салынып жатқан жаңа жылу-электр орталығы іске қосылса, облыс электр энергиясына тәуелділіктен арылады. Құрылыс қарқын алып, әлеуметтік-экономикалық өсімі артқан бірден-бір қала ретінде Қызылорда да маңызды міндеттерді шешуге тырсып келеді.

    — Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс» деген болатын. Бүгінгі урбанизация дәуірінде қалаларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру — басты міндеттердің бірі. Қызылорда — дәстүрлі аграрлы аймақ. Қызылорда мегаполис болмағанымен, қарқынды урбанизация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасап келеді. Қалалық халықтың үлесі өсіп, облыс тұрғындарының шамамен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады. Біз урбанизацияны жай ғана құрылыс емес, адамға бағытталған қауіпсіз, таза, инклюзивті, қолжетімді әрі зияткер, экологиялық қалалар құру үдерісі ретінде қабылдаймыз, — деді аймақ басшысы.

    Қазіргі таңда Қызылорда қаласында нақты стратегиялар мен қаланың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ауқымды қаржы бағытталып отыр.

    Атап айтқанда, Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Инвестор  «Акса Энерджи» түрік компаниясы 135 млрд. теңгеден астам инвестиция құйып, құрылыстың 80%-ы аяқталды. Орталық қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Катармен үкіметаралық келісім негізінде оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд. теңге болатын бу-газ қондырғысы салынады. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады.

    Форум аясында түрлі тақырыпта секцялық отырыстар өтті. Онда Қазақстанда инклюзивті және климатқа төзімді қалаларды қалыптастыру, құрғақ аймақтарда климатты жақсарту бағытында тың идеялар айтылды. Әсіресе, халықаралық ұйымдар облыстағы байыпты бастамаларға қолдау көрсетуге әзір.

    Қызылорда сындарлы өзгерістердің алдында тұр. Өңірдің қазіргі әлеуеті жақсы. Бірақ жаһандық климаттық өзгеріс, су тапшылығы секілді мәселелерді келешекте қолға алу керек. Біздің компанияның бұл бағытта Африка елдерінде мол тәжірибесі бар. Сондықтан, біз Қызылорда облысымен тығыз байланыс орнатып, үлкен жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, .

    Юрий Милевский, «Novaya Labs» жоба-сараптамалық компаниясының директоры

    Мақсатқа жету жолдары бойынша кәсіби сарапшылар сөз қозғады. Панельдік сессиялар мен презентациялардың басты тақырыптары – жайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыратын факторлар, яғни, экология, экономика, қала-ауыл байланысын нығайту, цифрлық шешімдер мен қалалық жоспарлау мәселесі төңірегінде өрбіді.

    — Қалалық һәм өңірлік жоспарлау жүйесін біріктіру арқылы орнықты дамудың мақсаттары сан алуан. Ең алдымен бұл қолайлы қалалық ортаны құруға қатысты мәселелер. Яғни, түрлі қалдықтар мен климаттық өзгерістерге бейімделу, сондай ақ климаттық сипаттағы төтенше жағдайларға дайындық секілді бүгінгі таңдағы өте өзекті мәселелер. 

    Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары

    Жайлы орта: Қалдықсыз қала – таза қаза

    Урбанизация игілігін көру үшін алдымен тазалық жұмысы маңызды. Бұл орайда Қызылорда қаласында «With You Kyzylorda» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының құрылысы басталуы елеулі оқиға болмақ.

    Президенттің ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасы осы ойдан туса керек. Нәтижесінде Қызылорда облысында 96 млрд 100 млн теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды.

    Бұған дейн облыс әкімі Н.Нәлібаев қалдық өңдеуге қатысты жобаларды атаған болатын

    «Шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 млрд теңгеге жылына 240 млн шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы бар. Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 млрд. 500 млн. теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда.
    Алғашқы кезеңде 9 млрд. 535 млн. теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есептелген заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қондырғылар, арнайы техникалармен жабдықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ.

    деді облыс әкімі.

    Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бюджеттен бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс және спорт алаңдары жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. Демеушілік есебінен 1 млрд. теңгеге Қызылорда қаласындағы орталық алаң жаңартылды. Биыл 6,3 млрд. теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оған қоса 14,7 млрд. теңгеге Президент саябағы жаңғыртылып, тамыз айында ашылады. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру басталды. 2030 жылға дейін 2,5 млн. ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда.

    Келешек: теміржол және спорт инфрақұрылымындағы өзгеріс

    Форумда климаттық бейімделу, жастардың қатысуы, мәдени мұра, қала мен ауыл арасындағы байланыс, қалалық экономика және урбанистік жобаларды қаржыландыру мәселелері қозғалды. Биылғы Ұлттық Урбан форумның Қызылордада өтуінде терең мән бар. Өйткені бұл қала бүгінде өңірлік көшбасшылық пен орнықты өзгерістердің символына айналды.

    «Қызылорда – ұлттық күн тәртібінің бір бөлігіне айналып келе жатқан, жергілікті бастамалар шоғырланған стратегиялық маңызды қала. Дәл осы жерде теңгерімді, инклюзивті әрі климатқа төзімді дамудың жаңа көзқарасы қалыптасуда» дейді ұйымдастырушылар.

    Қызылорданың форум алаңы ретінде таңдалуы бекер емес, бұл ел болашағында ірі емес, өңірлік қалалардың орнын жаңаша пайымдайтын кезең келгенін айғақтайды. Форум «Қалалық болашақ өңірлерден басталады» деген ұранмен өтті. Бұл ұранның да астарында терең мән бар. Тұрақты даму мегаполистермен шектеліп қалмай, бүкіл Қазақстанды қамтуы тиіс деген ойдан туындаған.

    Қызылорда қаласының сол жағалауында аймақ тарихындағы ең ауқымды спорттық нысандардың бірі салынуда. Жалпы құны 20,9 миллиард теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарымен өңірде жұмыс сапарымен болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұра Әбенов, Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев танысты. Футболшылармен кездесіп, ұсыныс — пікірлерін тыңдады.

    Қызылорданың қалалық әлеуетін жаңа ғимараттардан-а аңғаруға болады. Мысалы, жаңа стадионның бой көтеруі жаңа мүмкіндік пен қала халқының санының ұлғаюына жол ашпақ.

    Айта кетерлігі, UEFA» талаптарына сай салынып жатқан жаңа стадион жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Сыйымдылығы 11 мың орынға шақталған. Құрылыс қарқыны жоғары. Трибуналардың металл конструкциялары орнатылып, қабырғалар, ішкі бөлмелер мен сыртқы витраждар қаланған. Қазіргі таңда футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Стадион ғимараты маңында 238 орындық автотұрақ алаңы, 40 орындық VIP автотұрақ, автобусқа арналған 4 автотұрақ орналаспақ. Жаңа стадион футболшылар үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін де тиімді болмақ.

    «Стадионда тек кәсіби футболшыларға ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары, жастар, балалардың да спортпен шұғылдануына мүмкіндіктер қарастырылуда. Мұнда бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо және фитнес залдары бар. Осы залдарда біздің болашақ чемпиондарымыз жаттығып, шынығып, өз өнерлерін шыңдап, халықаралық ареналарда Қазақстанның атын паш ететінін болады»

    дейді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев.

    Есте болса, Мемлекет басшысы «Ұлттық құрылтайда» футболға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Қызылорда облысы сол тапсырмалардың негізінде алғаш болып УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты, сондай-ақ, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін жаңа стадион құрылысын бастап, қыркүйек айында өтетін үлкен ойынға дайындық үстінде. Сондай-ақ, облыстық әкімшіліктің ұстанымымен облыстың «Қайсар» футбол командасы алғаш рет легионерлерсіз ойнап, өзіміздің қазақстандық спортшыларға қолдау көрсетуде.

    Қала дамуының тағы бір маңызы қадамы – теміржол. Жуырда Қызылорда қаласында темір жол бағытындағы вокзалдар мен қызмет көрсету бекеттерін жаңарту жұмыстары басталды. Бұл шаралар Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында қолға алынған. Өңірде жолаушыларға сапалы, қауіпсіз және заманауи стандарттарға сай қызмет көрсету бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. 

    « 2023 жылы Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалы мен оның аумағы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Бұл жұмыстар өз жалғасын өңірдегі Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал және Сексеуіл станцияларында тапты. Бүгінде аталған 7 вокзалда ішкі демонтаж жұмыстары басталып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Тереңөзек пен Жалағаштағы қызмет көрсету пункттерін кеңейту немесе жаңа заманауи нысан салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағыттағы жобаларды іске асыруға тәжірибелі мердігер, жобалаушы және техникалық қадағалаушы ұйымдар тартылған. Темір жол нысандарын жаңғырту — тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мен өңірлік көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадам».

    дедіоблыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.

    Шешім неде?

    Форум тек талқылау ғана емес, сонымен қатар Гарри Доббс (Ұлыбритания), Риккардо Марини (Ұлыбритания/Италия), Юрий Милевский (Ресей/Ұлыбритания), Мария Скрябина (Саха республикасы) сияқты танымал урбанистер мен сәулетшілер қатысқан халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу алаңына айналды.

    Шараға қатысушылар климаттық өзгерістердің тәуекелдеріне , әсіресе елдің оңтүстік және батыс өңірлері үшін өзекті мәселелеріне ерекше назар аударды. Қалалардың тұрақтылығын арттырудың практикалық қадамдары талқыланды, оның ішінде табиғи шешімдерден бастап цифрлық басқару платформаларына дейінгі мәселелер сөз етілді.

    Аймақтық урбанизацияға арналған сессияда Катя Шефердің негізгі тезисі мынадай болды: «Дамуды орталықтандыру мүмкін емес. Біз әртүрлі адамдар үшін бірдей қалалар сала алмаймыз». Спикерлер нақты құралдарды ұсынды, оның ішінде цифрлық кадастрлар, деректерге қолжетімділік, климат пен мәдениетке сезімтал сәулет және тұрғындардың қалалық ортаны қалыптастыруға қатысу мысалдары.

    Форумның қорытынды тақырыбы қалалардың климаттық тұрақтылығы болды, бұл мәселе әсіресе жазғы кезеңде жоғары температура, су тапшылығы және жергілікті тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін шөлейттену процестері байқалатын Қазақстанның оңтүстігі жағдайында аса өзекті мәселе. Форумға қатысушылар адаптивті архитектураның, микроклиматтық аймақтаудың, сонымен қатар жасыл дәліздер, суды ұстап қалу жүйелері және экожүйелерді қала құрылысына интеграциялау сияқты табиғи шешімдердің қажеттілігі туралы айтты.

    Сарапшылар Қызылордадағы форум жай ғана оқиға емес, абстрактілі тұжырымдамалардан – нақты шешімдерге, орталықтандырылған жоспарлаудан – өңірлік диалогқа жеткізген қалалық саясат ұстанымын ілгерлетудің нағыз маркері болғанын мойындады. Қазақстан халықаралық урбанистік қозғалысқа қосылып қана қоймай, өзегін қоғам, климат және әділ даму құрайтын бірегей күн тәртібін қалыптастыруға дайын ел ретінде танытты.

    Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның қорытындысы жаңа стратегиялық бастамаларға негіз болады, ал Қызылорда енді географиялық қана емес, сонымен қатар Қазақстандағы қалалық ортаны маңызды түрде түрлендірудің мазмұнды орталығына айналды.

    «Бүгінгі күнде Қызылорда Форум өткізген орын ғана емес, бүкіл ел үшін жаңа іс-қимыл кезеңі бастау алатын нүкте . Біз UN-Habitat халықаралық урбанистикалық диалогқа лайықты дәрежеде қатыса алдық, енді Қазақстан ұлттық және аймақтық қалалық форумдар желісінің картасында ресми түрде өз орнын ойып алып отыр. Біз үшін бұл үрдістің әріптесі болу үлкен құрмет, және қалаларымыздың тұрақты болашағы үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайынбыз, – деді ARCHICA негізін қалаушы, Креативті индустриялар альянсы басқармасының мүшесі Индира Махметова.

    Сөз соңында Vision Zero Community ҚҚ жетекшісі, урбанистика және қаланың тұрақты дамуы саласындағы сарапшы Ерқанат Зайтов былай деп қосты: «Осындай маңызды форум тарихи және мәдени мұрасы мол Қызылорда қаласында өтіп жатқанын мақтан тұтамын. Дәл осы жерде 1925-1929 жылдары ҚазАССР-нің алғашқы астанасы болған, бұл жер дала мен қазақтың жан дүниесінің бейнесі саналатын Қорқыт Ата мен қобыздың отаны. Қызылорда-Қазақстанның әрбір өңірінің өзіндік бірегей әлеуеті бар екендігін дәлелдеді».

    Previous Article«Сүйкімді ұсқынсыздық»: Қытайда шыққан жаңа ойыншық «Лабубуды» ығыстырып жатыр
    Next Article Су, балық шаруашылығы және ветеринария саласына көліктер берілді
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Астанадағы өрттен қаза тапқан үш баланың анасы есін жиды

    17.04.2026

    Өзбекстанда Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған кеш өтті

    17.04.2026

    Баян Алагөзоваға «Қыз Жібек» фильміндегі кейіпкердің камзолы сыйға берілді

    17.04.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 615 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 631 Views

    Карбоновое земледелие: выход ли для климатических проблем Казахстана?

    17.12.20255 469 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.