Фото: Unsplash
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосылған құн салығын төлеуден кімдер босатылатынын айтты, деп жазды salemnews.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығынан босатылады. Сондай-ақ әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектің әлеуметтік тізімін айқындайды. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Қосылған құн салығының мөлшері 10%», – деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, бұған дейін Жұманғарин кәсіпкерлермен кеңесе келе қосылған құн салығы бойынша ең төменгі шекті 40 миллион теңге деп белгілеу ұсынылғанын айтқан еді.
«Қосылған құн салығы 16% болады. Екінші, қосылған құн салығы бойынша шегі 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленеді. 40 миллион теңге – үкімет пен депутаттардың конструктивті позициясының арқасында жеткен келісімнің жемісі. Бірақ біз бұдан кейін 160 мың жаңа салық төлеушілерден айрыламыз. Сонымен қатар қосылған құн салығынан қосымша жиналатын 400 миллиард теңгеден қағыламыз», – деді ол.