Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеу қажеттілігі туралы жалған хабарламалар арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлар көбейгенін мәлімдеді, деп жазды salemnews.kz
Комитеттің мәліметінше, «шұғыл салық төлеу қажеттілігі туралы ескерту» деген тақырыптағы хабарламалар қазақстандықтарға электронды пошта мен WhatsApp мессенджері арқылы жіберіліп жатыр.
Комитет салық төлеушілердің электрондық пошталарына ақпараттық жүйелер арқылы хабарлама жіберілмейтінін атап өтті. Мемлекеттік кірістер органдары хабарламаларды тек келесі тәсілдермен жібере алады:
— Салық төлеушінің кабинеті арқылы;
— Электронды үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы;
— e-Salyq мобильді қосымшасы арқылы.
«Салық төлеуші хабарламалардың бір бөлігін бірден өзінің жеке кабинетінен көре алады. Бұл ретте камералдық бақылау нәтижелері бойынша қалыптастырылған хабарламаларды салық төлеуші КТС немесе ЭҮП арқылы қол қойылған PDF нұсқасын өзінің электрондық поштасына дербес сұрата алады», – делінген хабарламада.
Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарды абай болуға, жалған хабарламаларға сенбеуге, ақша қаражаттарын аудармауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, алынған хабарламалардың дұрыстығын мұқият тексеруге шақырды.