
2025 жылдың алғашқы алты айында Тасбөгет кентінде инфрақұрылымды жақсарту және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Кент әкімі Айдын Тыныштықбай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткізген баспасөз конференциясында осы кезеңдегі негізгі жетістіктер мен жобалар туралы толық баяндады.
Инфрақұрылым жаңаруда
Тасбөгет кентінің аумағында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде жаңа бейітті қоршау және тегістеу жұмыстары сәтті аяқталды. Бұған қоса, 15 миллион теңгеге кенттегі бірнеше көшелер жөнделіп, 10 көше жарықтандырылды. Қазіргі уақытта 16 тұрғын үйдің шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ ұзындығы 2,7 шақырым болатын жылу құбырының құрылысы белсенді түрде жалғасуда.
Жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Қоғамдық көлік қатынайтын көшелердің кей бөліктері жөндеуді қажет етті. Осы мақсатта Мұстафа Шоқай көшесінің 790 метрі, Абай Құнанбайұлы көшесінің 620 метрі, Сапарбек Олжабайұлы көшесінің 1000 метрі және Қалқабай Әбенов көшесінің 2700 метрі орташа жөндеуге дайындалып, облыстық бюджетке өтінім жолданды. Жол жөндеу жұмыстары үшін 15 миллион теңге бөлінген.
Сабалақ саяжайы көгілдір отынмен қамтамасыз етіле ме?
Кенттегі ең ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі – Сабалақ саяжайын газбен қамту. Бұл жоба үш кезеңнен тұрады және жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда саяжайдың ішкі газ желілерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ауыз су мәселесі де шешімін тауып, 188,7 миллион теңге облыстық бюджеттен, 200,3 миллион теңге қалалық бюджеттен бөлінді. Жобаны «Авангард ПГС» ЖШС мердігерлік етеді.
2,7 шақырым жылу құбыры тартылуда
Тасбөгет кентінде кәсіпкерлікті дамыту қарқынды жүріп жатыр. Есепті кезеңде кентте 880 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының аясында 29 тұрғын өз жобаларын қорғап, 72,7 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек алды. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беріп, тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік беруде.
Жылу құбыры мәселесі де өз шешімін тапты. Биыл 1,2 миллиард теңге сомасына 2,7 шақырым ұзындығындағы жаңа жылу құбыры тартылуда. Қазан айында бұл құбыр пайдалануға беріліп, тұрғындарды жылыту сапасы артпақ.
Кент аумағын абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Арық жүйелерін тазалау, жасыл желектерді көбейту және санитарлық тазалыққа ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, мердігер мекеме жауапты.
Кенттегі көшелердің жарықтандырылуы жақсарып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Жаңа жарық бағаналары З.Мәмбетов, С.Сейфуллин, Н.Өткелбаев, Ә.Жангелдин, А.Жанкин, Ж.Әбілқасымов көшелеріне және үнемделген қаржы есебінен М.Абдраманов, Ж.Дүйсенов, С.Өтеуов және Т.Батыршаев көшелеріне орнатылды. Бұл шет аймақтардың жарық мәселесін шешіп, тұрғындарды қуантты.
Сонымен қатар, көше бойындағы жаяу жүргіншілер мен көліктердің қозғалысына, электр желілеріне кедергі келтіретін қураған ағаштар да жойылды.
P.S. 2025 жылдың І жартыжылдығында Тасбөгет кенті инфрақұрылымдық даму, әлеуметтік қолдау және кәсіпкерлікті дамыту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді. Жол жөндеу, жылу құбырларын тарту, көгілдір отынмен қамту, жарықтандыру мен санитарлық тазалық шаралары тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болды. Әкімдік алдағы кезеңде де кенттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін жұмыстарды жалғастырады.