Қызылөзек ауылдық округі соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары ауылдық округтердің біріне айналып келеді. Ауылдың тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары туралы округ әкімі Сәкен Әбдіжаппар баяндады.
– Қызылөзек ауылдық округінің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай? Соңғы жылдары қандай оң өзгерістер болды?
– Ауылдық округ құрамына Қараөзек, Айнакөл және Қараөзек бекеті елді мекендері кіреді. Бүгінде ауылдық округте 627 отбасы, жалпы 3507 тұрғын өмір сүреді.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесінде округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы айтарлықтай жанданды. Инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, көшелердің жолдары жөнделіп, жарықтандырылып келеді. Жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, ауыз су және аяқ су мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тапты.
Сонымен бірге тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысуына кең мүмкіндік жасалып отыр. Мал шаруашылығы дамып, жеке кәсіпкерлік нысандары көбейіп келеді. Мұның барлығы халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына оң ықпал етуде.
– Биыл ауылдық округте жүзеге асырылып жатқан ең маңызды жобалардың бірі – электр желілерін қайта жаңғырту. Бұл жоба туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, бүгінде ауыл тұрғындары көптен күткен ең ірі жобалардың бірі жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауылдық округке қарасты үш елді мекендегі электр желілерін толық қайта жаңғырту жобасы.
Аталған жоба 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында басталды. Биыл қажетті қаржы толық бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Жоба аясында ескі электр бағаналары толық ауыстырылып, жаңа қосалқы стансалар орнатылып жатыр. Сонымен қатар заманауи СИП электр желілері тартылуда. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 192 миллион теңгені құрайды.
Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғындар сапалы әрі тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етіледі.
– Соңғы жылдары жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Жол мәселесі – тұрғындар жиі көтеретін мәселелердің бірі. Қазіргі таңда ауылдық округтегі 21 көшенің 12-сіне асфальт, ал 8 көшеге малта тас төселген.
Тек өткен жылдың өзінде екі көшеге жаңа жол құрылысы жүргізіліп, екі көшеге күрделі жөндеу, бір көшеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылды.
Сонымен бірге тұрғындар көптен күткен «Қожақ» автомобиль көпірі күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға өткен жылы басталған Абай Құнанбаев және Қараөзек бекеті-4 көшелерінің жол құрылысы аяқталуда.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кіреберіс жолдардың бойына 14,8 шақырым жол таңбасы сызылып, елді мекендерге 31 жаңа жол белгісі орнатылды.

– Көше жарығы мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Өткен жылы Қорқыт ата көшесіне жаңа жарық бағаналары орнатылды. Сонымен бірге Е.Дәуітбаев көшесіндегі 65 тозған көше шамы толық жаңартылып, энергия үнемдейтін жаңа шамдарға ауыстырылды.
Қазіргі уақытта ауылдық округтегі 21 көшенің 18-і толық жарықтандырылған. Қалған үш көшені жарықтандыру үшін биыл демеушілердің қолдауымен жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
– Инженерлік инфрақұрылым жөнінде айтсақ, ауыз су және коммуналдық қызметтер бойынша жағдай қалай?
– Коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Қараөзек және Айнакөл ауылдарында 2013-2014 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз су жүйелері толық жаңғыртылды.
Ал Қараөзек бекетінде 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жаңа ауыз су желісі мен су қоймасы салынды.
Бүгінде үш елді мекеннің тұрғындары сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар қазіргі таңда тұрғындардың ең өзекті мәселелерінің бірі болған электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде.
– Цифрландыру және қоғамдық көлік бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Елді мекендердің дамуы тек инженерлік инфрақұрылыммен шектелмеуі керек. Осыған байланысты «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық әлеуметтік нысандарға оптикалық-талшықты интернет желісі тартылды. Бұл білім беру, медицина және мемлекеттік қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Ал қоғамдық көлік мәселесіне келсек, тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп, №29 «Қызылорда – Қараөзек» автобус бағытының жүру кестесі қайта қаралды.
Бұрын автобус күніне үш рет қатынаса, 2025 жылдың соңынан бастап тұрғындардың сұранысына сәйкес күніне төрт мезгіл қатынайтын болды. Бұл әсіресе қалаға қатынайтын тұрғындар үшін өте маңызды өзгеріс болды.

– Тұрғындардың өтініштері қаншалықты ескеріледі?
– Әкімдік жұмысының басты қағидаларының бірі – халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу. Соңғы жылдары тұрғындардың өтініштері негізінде ауыз су мәселесі толық шешілді, көше жарығы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр, электр желілерін қайта жаңғырту қолға алынды. Алдағы уақытта қалған көшелерді де жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Біз үшін әрбір тұрғынның ұсынысы маңызды. Сондықтан барлық жобалар халықтың нақты сұранысына сүйене отырып жоспарланады.
– Ауылдық округті абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ауыл тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан абаттандыру және көркейту жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл жергілікті бюджет есебінен Айнакөл елді мекенінде балалар ойын алаңын салуға қаржы бөлінді. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары шілде-тамыз айларында жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Қараөзек ауылындағы «Тағзым алаңының» қоршаулары кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Демеушілердің қолдауымен Қараөзек мешіті толықтай ағымдағы жөндеуден өткізіліп, сыртқы қоршауының бір бөлігі жаңартылды. Ауылдың келбетін жақсарту мақсатында бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы Қараөзек ауылының кіреберісіне «I love Qaraozek» инсталляциясы орнатылды. Қазір бұл орын жастардың ғана емес, ауыл қонақтарының да жиі келетін фотозонасына айналды.
Бұдан бөлек, ауыл көшелеріне билборд тұғырлары қойылып, ауылдан шыққан соғыс және еңбек ардагерлерінің баннерлері орналастырылды. Бұл – жас ұрпақтың тарихи тұлғаларға деген құрметін арттыруға бағытталған жұмыстардың бірі.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар жүзеге асырылып келеді?
– Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен ауыл тазалығын сақтау – тұрақты назардағы мәселе. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында барлық елді мекендерде санитарлық тазарту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелер ғана емес, кәсіпорындар, ұйымдар және ауыл тұрғындары түгелдей жұмылдырылып келеді. Әр сенбі сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің айналасы тазаланады.
Биыл әлеуметтік нысандар мен Тағзым алаңының аумағына 500 түп ағаш көшеті отырғызылды. Алдағы уақытта да көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.
– Ауылдағы жұмыспен қамту көрсеткіштері қандай?
– Қазіргі таңда ауылдық округтегі экономикалық белсенді халық саны 1755 адамды құрайды. Олардың ішінде 1170 тұрғын тұрақты жұмыс істейді, ал 598 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы бір азамат Жастар тәжірибесіне, бір тұрғын «Күміс жас» бағдарламасына жолданды. Сонымен қатар 17 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды, тағы 10 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейі 0,96 пайызды ғана құрап отыр. Бұл көрсеткіш ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

– Қызылөзекте кәсіпкерлікті дамыту қалай жүзеге асып жатыр?
– Бүгінде ауыл тұрғындарының негізгі табыс көздері – бюджеттік сала, жеке кәсіпкерлік және шаруа қожалықтары.
Қазір ауылдық округте 212 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның ішінде бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 35 шаруа қожалығы, үш ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және 173 жеке кәсіпкер бар.
Жыл басынан бері тағы жеті жаңа кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, үш тұрақты жұмыс орны ашылды.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл экономикасына беріп отырған тиімділігі қандай?
– Бағдарлама ауыл тұрғындары үшін өте маңызды қолдау тетігіне айналды. Биылдың өзінде бағдарлама аясында жалпы құны 11,8 миллион теңгені құрайтын екі жоба қаржыландырылды. Оның бірі асыл тұқымды түйе шаруашылығын дамытуға, екіншісі мүйізді ірі қара өсіруге бағытталған.
Сонымен қатар «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы екі шаруа қожалығы жеңілдетілген несие алып, қой және жылқы шаруашылығын дамыту жұмыстарын қолға алды.
Нәтижесінде есепті кезеңде төрт ауыл тұрғыны жалпы 56,8 миллион теңге көлемінде қаржы алып, өз кәсіптерін дамытуда.
Қазіргі уақытта тағы бір кәсіпкер «Жайлау» бағдарламасы арқылы 40 миллион теңге көлемінде несие алып, қой шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр.
– Мал және егін шаруашылығы ауыл экономикасында қандай орын алады?
– Қызылөзек ауылдық округінің негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы. Өңірдің табиғи ерекшелігі мал өсіруге қолайлы болғандықтан соңғы жылдары бұл сала қарқынды дамып келеді.
Бүгінде ауылдық округте 33 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 2293 қой-ешкі, 2158 жылқы және 610 түйе тіркелген.
Сонымен қатар Айнакөл ауылында көкөніс пен картоп өсіру ісі де қолға алынған. Соңғы жылдары аяқ су тапшылығы өзекті мәселеге айналған еді. Осыған байланысты әкімдік теңгеріміндегі арнайы насос қондырғылары Сырдария және Қараөзек арналарына орнатылып, үш елді мекеннің егістік алқаптарына аяқ су жеткізілуде.
Биыл ауылдық округ бойынша 476 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып, тұрғындардың табысын көбейтуге мүмкіндік береді.
– Жастарды ауылда тұрақтандыру және олардың кәсіп бастауына қандай қолдау көрсетіліп келеді?
– Жастар – ауылдың болашағы. Сондықтан олардың ауылда қалып, еңбек етуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Бүгінде жастарға мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз гранттар алу бойынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Өткен жылы үш жас тұрғын жалпы 4,716 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін бастады. Ал оған дейін үш жас кәсіпкер 20 миллион теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығын дамытуға кірісті.
Қазіргі таңда ауылдық округте тіркелген 212 кәсіпкердің 90-ы – жас кәсіпкерлер. Бұл жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы үш жас маман тұрғын үй сатып алып, ауылға тұрақтап жұмыс істеуде.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ. Ауылдық клубта түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді, спорттық жарыстар мен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар тұрақты өткізіліп келеді. Ал тұрақты жұмысы жоқ жастарға маусымдық егіншілікпен айналысу үшін суармалы жер телімдері уақытша пайдалануға берілуде.
– Әлеуметтік нысандардың жағдайы қандай? Бұл бағытта қандай жоспарлар бар?
– Жалпы ауылдық округтегі әлеуметтік нысандардың басым бөлігі салыстырмалы түрде жаңа деуге болады. Қараөзек ауылындағы №39 орта мектеп 1996 жылы салынса, Қараөзек бекетіндегі №128 негізгі мектеп 2005 жылы, Айнакөл ауылындағы №175 мектеп 2003 жылы пайдалануға берілген.
Медицина саласында да оң өзгерістер бар. Айнакөл мен Қараөзек стансасындағы медициналық бекеттер 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал Қараөзек ауылындағы дәрігерлік амбулатория мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2020 жылы пайдалануға беріліп, өткен жылы жаңа санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді.
Ауылдық клуб ғимаратының тарихы терең болғанымен, 2011 жылы күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде тұрғындарға толыққанды қызмет көрсетіп келеді.
Алдағы жоспардың бірі – ауылдық округтен өрт сөндіру бекетін ашу. Қазіргі таңда бұл мақсатқа арналған ғимарат анықталып, қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде.
– Тұрғындардың ұсыныстары мен бастамалары қаншалықты ескеріледі?
– Қызылөзек ауылдық округінде 2014 жылдан бері жергілікті қоғамдастық жиыны тұрақты жұмыс істейді. Бұл – ауыл әкімдігі мен тұрғындардың арасындағы байланысты нығайтатын маңызды қоғамдық алаң.
Жиын барысында инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік мәселелер, ауыл әкімінің тоқсандық және жылдық есептері, мекеме басшыларының жұмысы талқыланып, алдағы жоспарлар бірге бекітіледі.
Осының арқасында ауылда қолға алынған көптеген жобалар тұрғындардың нақты сұранысына сәйкес жүзеге асырылып келеді.
– Алдағы жылдары Қызылөзек ауылдық округінде қандай маңызды жобалар жүзеге асады?
– Алдағы кезеңдегі ең ауқымды жобалардың бірі – ауылдық округке қарасты үш елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету.
Өткен жылы осы жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттар толық әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 819 миллион теңгеден асады.
Газдандыру жобасы жүзеге асқан жағдайда тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарып қана қоймай, жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашуға, өндірісті дамытуға және инвестиция тартуға мүмкіндік артады.
Сонымен қатар алдағы уақытта бірнеше көшеге жарық бағаналарын орнату, екі көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу, бірқатар көшелерге малта тас төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
– Қорытындылай келе, Қызылөзек ауылдық округінің дамуындағы басты басымдық қандай?
– Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру.
Сол үшін инфрақұрылымды жаңғырту, инженерлік желілерді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастардың ауылда тұрақтап еңбек етуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Қызылөзек ауылдық округі – даму әлеуеті жоғары елді мекен. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы мен тұрғындардың белсенділігінің арқасында ауылдың келбеті жылдан-жылға жаңарып келеді.
Алдағы жылдары жүзеге асатын газдандыру, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және кәсіпкерлікті дамыту жобалары Қызылөзек ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға негіз болады.
